Микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталды
Ақтөбеде 2023 жылы қайтыс болған адамға несие рәсімделген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Астанада Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
Жиын барысында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
“Қайтыс болған адамдарға және біздің елде ешқашан болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар беру фактілеріне жол берілуде, банктік шоттар ресімделіп, олар арқылы көптеген алаяқтық транзакциялар өтуде. Мысалы, Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржылық ұйымдары биометриясыз 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған азаматқа микроқарыздар ресімдеген. Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан азаматтардың алаяқтар айласына түсуіне әкеп соққан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталды”, – делінген Бас прокуратура баяндамасында.
Қазіргі уақытта банк пен қаржылық ұйым қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп, ҚК-нің 250-бабы бойынша күдікті болып танылып, тергеу жұмыстары жүргізілуде.