Атырауда оқушы сыныптасын мектептің алдында сабап тастаған

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп әкімшілігі мәселені ата-аналар өз арасында шешсін деп айтқан көрінеді

Видеодан скриншот

Атырауда бастауыш сынып оқушысы сыныптасын мектеп алдында соққыға жыққан. Басқа балалар болған жайтты видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, зардап шеккен баланың анасы мектеп басшылығы тиісті шаралар қабылдамай отыр дейді.

Бейнежазбадан оқушыны қатарласы ұрып-соққанын,  қалған балалардың оқиғаны телефонына түсіріп жатқанын көруге болады.

"Балам 37-інші мектепте окиды. Сабақтан шыққанда сыныптасы ұрған,  оны қасында тұрған басқа сыныптастары видеоға түсірген. Видеоны бір ата-ана жіберді, Травмпунтке барып, арыз жаздым.  Мектепке осы мәселемен барғанымда директор оқу меңгерушісіне жіберді. Оқу меңгерушісі бұл сабақтан кейін болған оқиға, ата-ана мен сынып жетекшісі болып өздерін шешіңдер деді. Видео болмаса баламды ұрған қатарласының ата-анасы кешірім сұрамады, тек арыз жазып, айыппұл салады дегенімде  кешірім беріңіз деп айтты", - делінген видеоға қоса берілген жазбада.

Атырау облысының полиция департаменті бұл жағдай бойынша тексеру жүргізілетінін хабарлады. Заң бұзушылық жасаған жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.