Марқұм мектепте өте белсенді, ашық-жарқын бала болған екен
Атырау облысының Құлсары қаласында мектептің 17 жастағы түлегі Эльдар Аманбекті былтыр қаңтарда пышақтап өлтіріп кеткен. Бір жыл өтсе де тергеу амалдары дұрыс жүргізілмей, марқұмың анасы шарқ ұрып, әділдік іздеп жүр. Ол күдіктілердің бостандықта жүргені жайлы «Немолчи» қорынан көмек сұрап хат жолдаған. Qaz365.kz тілшісі қанды қылмыста ажал құшқан Эльдардың анасымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын сұрап білді.
Оқиға болған күн
2024 жылы 19 қаңтар күні Эльдар Аманбек Құлсары қаласындағы мейрамханалардың біріне досын алып кетуге барған. Анасының сөзінше, досын біреулер тепкіге алған көрінеді. Эльдардың жанында төрт бала болған.
«Менің балам мейрамханаға бес бала болып барады. Бірақ ол жерден досын бастығы үйіне алып кеткенін естігеннен кейін бастығына «бізді де үй жаққа жеткізіп тастайсыз ба» деп қоңырау шалған. Ал сол тойда отырған жігіттердің бірі өзі тұратын 4 шағынауданның балаларын «мейрамхананың алдына келіңдер, мұнда бірінші шағынауданның балалары жүр» деп шақырған. Себебі олар бір жыл бойы сол ауданның балаларымен қақтығысып жүрген екен. Содан балам жанындағы достарымен дүкеннің жанында бастығының көлігін күтіп тұрады. Бастығы келіп, олар отыра берген кезде артынан қолдарына пышақ, таяқ ұстаған жігіттер келіп шабуылдағын. Ал жүргізуші бастығы газды басып үлгермеген. Сол жерде балаларды пышақтаған. «Кімсіңдер? Қай жақтансыңдар?» деп те сұрамаған. Пышақталған екі бала қашып үлгереді. Үшінші баланы жерге жатқызып тепкілейді. Ал менің балам көлікте отырғанда аяғының күре тамырынан пышақтайды. Баламнан көп қан кетіп, ауруханаға жетпей қайтыс болады. Жанында болған достары аман, ауруханаға жеткізілген», - дейді марқұмның анасы.
Оның айтуынша, Эльдар мен достары не болып жатқанын түсінбеген. Үйге қайтып бара жатқанда осылай күтпеген жағдай орын алған. Қылмыс болған күнгі оқиға көшедегі камералардың біріне түсіп қалыпты. Бір топ бозбала Эльдар достарымен көлікке отырып жатқан кезде тарпа бас салған. Аяғының күре тамырынанан пышақталған Эльдар көп қан жоғалтып, ауруханаға жетпей қайтыс болған.
«Шатастырып өлтіріп алған»
Алтынай іспен танысқан кезде оған бір топ жігіттің баласын басқа біреумен шатастырып алғанын айтқан.
«Ұлым оларды тіпті танымайды екен. «Мына жігіттер басқа балалармен шатастырып алған. Сіздің балаңыздың қатысы жоқ, олар басқа ауданның балаларына дайындалып барған» деді. Оның ішінде ұйымдастырушы жігіттің өзгелерді шақырғаны туралы іс басталғанда жазылған еді. Кейін ол туралы ешкім айтпай, жоқ болып кетті», - дейді Алтынай.
Аталмыш қылмыстық істе күдіктілер – 2006-2007 жылғы бозбалалар. Олардың саны 12 болғанымен, біреуі ғана тергеу изоляторында бір жылға отырып шыққан. Ал өзге төртеуін ата-аналары әскерге жіберген.
Марқұмның анасы бастапқы кезде полиция 12 баланың да іске қатысы барын, барлығы түгел жазасын алады деп сендіргенін, бірақ олардың аяқасты куәгер болып шыққанын айтады.
«Желтоқсан айында сот болған кезде (тыңдау процесі) тергеу изоляторында бір бала ғана отырды. Ал өзге балалардың ешқайсысы мойындамады. Түсініктемелері алдыңғы түсініктемелерімен сәйкес келмегендіктен істі Атырау қаласының сотына жібердік. Онымен қоймай, 3-4 бала ғана келіп жүрді, кейбірін ата-аналары әскерге аттандырып жіберген. Енді біреулер бостандықта жүр. Осы жылы 20 қаңтар күні бір блогер изоляторда отырған баланың ақталып шыққанын жариялады. Ол қалай ақталып шыққанын білмейміз. Сондай-ақ күдіктілердің бәрін куәгер қылып қойғаны да бар», - дейді марқұмның анасы.
Қайта тергеліп жатқан іс
Эльдардың анасы Атырауға қайта-қайта бару оңай еместігін айтты. Құлсары мен Атыраудың арасы – 300 шақырым екен.
«20 қаңтар күні изоляторда отырған баланы бостандыққа шығарғанын естігеннен кейін Атырауға барып, себебін сұрадық. Бізге 4 баланың қамалғанын айтты. Сонда да сенбедік. Себебі бізге 12 баланың бәрі жазасын алады деп айтқан еді, алайда оларды куәгер қылып қойған. Менің балам еш жазықсыз өмірі қиылды. Елде әділдік қайда? Менің балам мүддесін кім қорғайды? Бәрі бостандықта жүр. Сотқа, прокурорға сеніп отырдық. Істі қайта қаралуын талап еттік. Бір жыл отырып шыққан бала да мойындамаған. Егер ол бала шынымен жазықты болмаса, біреудің қанын мойнына алмасын деп біз де ойладық», - дейді Алтынай.
Марқұмның анасының сөзінше, Эльдар балаларының тұңғышы. Ол мектепте өте белсенді, ашық-жарқын бала болған екен.
«Бізге де оңай болмай тұр. Тұңғышым еді. Мектепте бәрі білетін, балам өте белсенді, ешкімге зияны жоқ, шығармашыл бала еді. Осыған дейін ондай жағдай болмаған. Жазықсыз өлтіріп кетті. Сонда балаларды шатастырып өлтіре бере ме? Тергеушіге барсам, ол Құлсарыдағы прокурорға айтыңыз дейді. Ал покурорға барсам тергеушіге сілтейді. Сонда біз қайда барамыз. Бізге ары-бері жүру оңай емес. Олар біздің бірде-бір шығынымызды да өтеген жоқ. Ешқандай көмек те берген жоқ. Кінәні де мойнына алмай тұр», - дейді ол.
«Он екінші күдікті ұсталды»
Алтынай Шалатаева тергеудің созылып, жауапты органдардың үнсіз қалғанынан қорқып, жан-жаққа жаза бастаған. Ол «Немолчи» қорына шыққаннан кейін марқұмның туыстарына тергеуші хабарласқан. Он екінші баланың ұсталғанын, тергеу осы айдың аяғына қарай аяқталып, сотқа жіберілетінін айтқан. Нақты қашан екенін білмейді. Себебі заңгері жоқ, ешкім хабар да айтпайды.
«Бір жыл бойы таппай, енді ғана ұстап отыр. Сондай-ақ әскерге қашқан 4 баланы да ұстағандарын айтты. 7 бала үйқамақта деді. Бәрі жазаларын алуы керек. Олар менің мәпелеп өсірген небәрі 17 жастағы баламды өлтірді. Сол іске қатыстыларды қамауға алып, жазасын берсін. Менің материалдық-моральдық шығынымды төлесін деп отырмын. Құлсарының заңгерлері істі алмай қойды. Бір-бірін танитын болғандықтан ба, білмейміз. Атыраудың заңгері 4 млн теңге сұрады. Консультацияның өзіне 500-600 мың теңге сұрайды» - дейді ол.
Алтынай Шалтаева әділдік іздейді. Тергеу амалдарының әділ өтіп, ұлын өлтіргендер заң бойынша қатаң жазаланғанын талап етеді. Qaz365.kz бұл істі назарында ұстайды.