Шерзат Полаттың өлімі: іс сотқа жолдануға дайын

Qaz365.kz редакциясы

Қылмысты тергеу аяқталған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы облысының Полиция департаменті Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша тергеудің мән-жайын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Полиция мәліметінше, былтыр 4 қазанға қараған түні болған қылмысты тергеу аяқталған. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысқан, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданған.

Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған, барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілген, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізіліп, қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылген.

"Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлел, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар", - деп жазылған хабарламада.

Полиция әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілгенін, тергеудің барлық кезеңінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілгенін мәлімдеді.

"Тергеу барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқығы сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Талғарда 2024 жылы 4 қазанға қараған түні жасөспірім көз жұмды, кейінірек өңірдің Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ал марқұм Шерзаттың отбасы бұл жайтқа қатысы барлардың бәрін ұстап, жазалауды талап етті. Қалаға ІІМ тобы жіберілді.