Семейде жасөспірімдер тобы құрдасын аяусыз ұрып-соққан
Семейде қатарластары соққыға жыққан 11 жастағы оқушының отбасына қазақстандықтар 24 млн теңге жинап берді. Бұл туралы Абай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, жиналған қаражатқа жәбірленушінің отбасы үшін баспана сатып алу жоспарлануда.
«Ақша жақын туысының шотына түсті. Жиналған қаражатты ашық бөлу үшін арнайы комиссия құрылады, оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді», – деді Солтабаева.
Ол сондай-ақ баланың толық физикалық тексеруден өткенін және қажетті психологиялық және заң көмегін алатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Семейде жасөспірімдер тобы құрдасын аяусыз ұрып-соққан. Кейін осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Балаға жабық ми жарақаты және көптеген гематомалар диагнозы қойылды.
Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия төрт қатысушыны арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылдады, олардың ата-аналары жауапқа тартылды.
Абай облысының әкімі егжей-тегжейлі қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Артынан мектеп директорының жұмыстан шығарылғаны белгілі болды.