Жетісу облысында мектеп оқушысы ер азаматты өлтірмек болған

Qaz365.kz редакциясы

Оның ата-анасы да жауапкершілікке тартылады

Фото: depositphotos.com

Өңірлік полиция қызметкерлері 17 жастағы күдіктіні құрықтады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Адам өлтіруге оқталған күдікті әлі кәмілет жасына келмегендіктен, ата-анасы да жауапкершілікке тартылады. Баланың тәртібін қадағаламаған үшін әрі қазіргі уақытта білім бөліміне қарасты болғандықтан арнайы хаттамалар әзірленіп жатыр.

Тәртіп сақшылары 17 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, іс адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеліп жатыр. Біз баланың психологпен бірге жұмыс істеуін де қалаймыз. Мәселенін мән-жайын әлі толық ашып айтуға келмес. Нақты тергеу амалдары жүргізіліп біткеннен кейін, басқа да мәліметтерді жариялаймыз. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде,- дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Руслан Чарапаев.

Оның айтуынша, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, тергеудің заңдылығын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Тергеу аяқталғаннан соң кінәлі деп танылған жасөспірімнің ата-аналары баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұл жерде біржақты алып қарауға болмайды. Істі толық анықтамай бір шешім шығаруға да келмес. Ата-ананың баланы қадағалаусыз қалдырғаны ескеріледі. Себебі кәмілет жасына толмаған бала бәрібір ата-ананың, білім бөлімінің құзырына кіреді, - дейді облыстық ПД Имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы полиция капитаны Қасқар Темірханов