ШҚО-да тағы бір ауыл ішімдіктен бас тартты

Qaz365.kz редакциясы

Соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген

Фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына қарасты Жалғызтал ауылының тұрғындары алкогольді ішімдіктен мүлде бас тартуды ұйғарды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі yk.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның хабарлауынша, 150 адам тұратын елді мекен ресми түрде ішімдіксіз ауыл мәртебесін алды. Жергілікті тұрғындар бұл шешімді қоғамдағы қауіпсіздікке адалдық таныта отырып, саналы түрде қабылдаған.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы үш жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Полицейлер құқық бұзушылықтың басым бөлігі, соның ішінде тұрмыстық жанжал және басқа да қылмыстар көбінесе мас күйде жасалатынын айтып, ауыл тұрғындарының бастамасын қолдап отыр.

Айта кетерлігі, Жалғызтал – облыстағы алкогольден бас тартқан алтыншы елді мекен. Жергілікті тұрғындар мұны салауатты өмір салтына жасалған қадам деп санайды және осы әрекет басқа қазақстандықтарға үлгі болады деп сенеді.

Айта кетейік, елімізде ішімдіктен бас тартқан ауылдар жетерлік. Мысалы, Жамбыл облысындағы 5 бірдей ауыл ішімдіктен бас тартқан. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Теңдік және Қарағай ауылдары, Қарағанды облысындағы Тікенекті ауылы, Ұлытау облысындағы Сәкен Сейфуллин ауылы да ішімдіктен бас тартқан.