Алматыда жасөспірімдер қыз баланы ұрып-соғып, тізерлетіп кешірім сұратқан

Qaz365.kz редакциясы

Әйелдің айтуынша, оқиға 8 наурыз күні «Азия Парк» сауда-ойын-сауық орталығында болған.

Фото: 24tv.ua

Алматыда жасөспірімдер тобы қыз баланы аяусыз соққыға жығып, оны тізерлетіп кешірім сұратқан, жеке заттарын тартып алған. Оқиғаның мән-жайын Qaz365.kz редакциясына жәбірленушінің анасы хабарлады.

Әйелдің айтуынша, оқиға 8 наурыз күні «Азия Парк» сауда-ойын-сауық орталығында болған. Қызы құрбысымен бірге «Пиноккио» ойын-сауық аймағында ролик теуіп жүрген. Бір сәтте оны алдап далаға шығарып, телефонын, ақшасы мен заттарын тартып алған, кейін соққыға жыққан.

«Олар қызымның басы мен ішінен соғып, бұл әрекеттерін видеоға түсірген. Ол жерде жатқанда екі жағынан теуіп, кейін тізерлетіп, кешірім сұратқан. Себебі, олардың бірі оған шалынып кеткен-мыс», – дейді жәбірленушінің анасы.

Әйел бірден Әуезов аудандық полиция басқармасына арызданған. Полиция күдіктілерді жылдам анықтап, бетпе-бет кездестірген, алайда жасөспірімдерді босатып жіберген.

Жәбірленушінің анасы беттестіру кезінде көзіне жас алып, күдіктілердің 15-17 жастағы жасөспірімдер екенін айтты. Оларды «апалы-сіңлілер» деп атайды, ал олардың «жас қызметшілері» бар. Бұл топ 11–14 жастағы мектеп оқушыларына жүйелі түрде шабуыл жасап, қорқытып, ұрып-соғып, ақшалары мен телефондарын тартып алады. Егер телефон қымбат болса, өздеріне қалдырады, арзан болса, ломбардқа тапсырады.

Әйел полицияда осы топтың құрбаны болған басқа ата-аналармен кездескенін де айтты. Солардың бірі – бір қыз бала шабуылдан кейін бір апта бойы ауруханада жатқан.

Адвокаттың айтуынша, күдіктілер кәмелет жасына толмағандықтан, оларға қатаң жаза қолданылмауы мүмкін.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 2-бөлігі, 1 және 3-тармақтары (топ болып жасалған қарақшылық шабуыл) бойынша қылмыстық іс қозғалды.