Қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте зейнеткерді ұрып-соғып, үшінші қабаттың терезесінен лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Криминальный Казахстан» Telegram арнасының мәліметінше, Шымкентте 12 наурызға қараған түні Қабанбай батыр көшесіндегі 11-үйдің ауласынан 77 жастағы ер адамның мәйіті табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол үшінші қабаттағы пәтерде екі танысымен ішімдік ішкен, алайда арты жанжалға ұласқан. Ер адамды ұрып-соғып, терезеден лақтырып жіберген, алған жарақаттарынан ол оқиға орнында қайтыс болды.
Полицейлер екі күдіктіні – 66 жастағы ер адам мен 44 жастағы үйсіз-күйсіз жүрген ер адамды ұстады. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Ауырлататын мән-жайларда кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардың екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.