Құлсарыда қар суынан үйлердің қабырғасы жарылып, сызат түсіп жатыр

Nur-Altay Umirzak

Жағдайға байланысты тұрғындар әкімдікке арыз-шағымын жеткізген

Сурет: коллаж/скриншот

Атырау облысы Құлсары қаласы «Болашақ» ықшамауданында қар суынан үйлердің қабырғасы жарылып, сызат түсіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы “kulsary_ze” инстаграм парақшасы мәлімдеді.

“Облыс әкімінің тапсырмасымен басқарма басшысы Нұрберген Құсайынов Құлсарыдағы «Болашақ» ықшамауданында еріген қар суынан зардап шеккен тұрғын үйлерді тексеріп, техникалық зерделеуші мамандармен бірге барлық тұрғын үйлерді аралады. Тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Зерделеу жұмыстары басталды. Кейін құрылысқа жауапты басшылармен, мердігер мекеме өкілдерімен жиын өткізді. Үйлердің кепілдік мерзімі - 2 жыл. Қар суыннан қабырғасы жарылып, сызат түскен үйлердің тұрғындарымен кездесіп, арнайы жөндеу жұмыстары бойынша талқылау жұмыстары жүргізілді. Қар суынан зардап шеккен ішкі қабырғалары жарылып, сызат түскен 7 үй анықталды”, – делінген жазбада.

Ақпаратқа сенсек жөндеу жұмыстары жер кепкеннен кейін сәуірде басталмақ. Сонымен қатар кәріз жүйесіде қайта ретке келтірілетін болады.