ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізді

Qaz365.kz редакциясы

Тарбағатайдың 6 елді мекенінде су тасқыны қаупі толығымен жойылды

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб құрамына кіретін бейінді ведомстволар қызметкерлерімен су тасқыны қаупі бар жерлерге мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ауа-райының, күндізгі және түнгі температураның күрт өзгеруіне байланысты жағдайды бақылауда ұстау қажет. Әсіресе, өзендер маңайы сағат сайын қадағалауды қажет етеді. Бізге нақты болжамдар мен толық дайындық қажет», - деп атап өтті өңір басшысы.

Марқакөлде Қалжыр өзенінің арнасын тазарту және түзету, су өткізгіш құбырларды орнату бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, Қалжыр және Марқакөл ауылдарына төнген қауіп азайды. 72 су өткізу құрылымдары, 6 көпір, сондай-ақ арықтар мен каналдар тазартылды. Қара Ертіс, Қалжыр өзендерінде мұз кептелістерін болдырмау үшін бүгінгі мониторинг аясында үш арнайы орында профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетіні анықталды.
 
Орта Теректі, Лайлы және Төменгі Тайынты бөгеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Аймақтың барлық дерлік гидроқұрылымдары әлі мұз астында. Сондықтан бұл нысандардың жағдайы сағат сайын бақылауды талап етеді.

Тарбағатайдың 6 елді мекенінде су тасқыны қаупі толығымен жойылды. Жаңауыл, Сарыөлең, Қарасу, Жетіарал, Маңырақта еріген су тасқыны қаупі төмендеді. Терісайрық өзені жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. 182 су өткізу құрылымы, 9 көпір және 33 км су каналдары толығымен қар мен мұздан тазартылды.

Күршім ауданының 4 ауылында су тасқыны қауіпі толық жойылды. Күршім-Топтерек автожолындағы көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді.  441 су құрылымы топан суды өткізуге дайын, 19 көпір, сондай-ақ айналма арықтар мен каналдар тазартылды. Өзендердегі мұзды қопару үшін профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетін 2 учаске анықталды.


«Облыстың барлық аудандарында көктемгі төтенше жағдайларды жоюға арналған күштер мен құралдар тобы бар. Аудан әкімдеріне үйлестірілген жұмыс жүргізуді тапсырдым. Су деңгейі және гидротехникалық құрылымдардың жай-күйі бақылауға алынады. Көлік қатынасын сақтау үшін әсіресе таулы жерлердегі жолдарға және көпірлерге ерекше назар аудару қажет. Басты міндет - адамдар мен инфрақұрылымды қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау», - деді Нұрымбет Сақтағанов.