8-сынып оқушысы жүкті: Түркістан облысында 37 жастағы ер адам зорлау күдігімен ұсталды

Nur-Altay Umirzak

Кәмелет жасына толмаған қыз жеті ай бойы құрсағында сәбиі бар екенін ешкімге айтпаған

Сурет: istockphoto.com

Түркістан облысы Келес ауданында сегізінші сыныптың оқушысы жүкті болып қалған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Информбюроға сілтеме жасап. 

Оқиғаның мән-жайы

14 жастағы қыздың құрсағында сәбиі бар екенін анасы кеш біліп, полицияға шағымданыпты. Қазір кәмелет жасына толмаған жеткіншекті зорлады деген күдікпен 37 жастағы азамат ұсталды. Ол жәбірленушінің көршісіне келіп жүрген адам екен. Қазір қорланған қызбен психологтар жұмыс істеп жатыр. Сұмдық жайттың жай-жапсарын өңірдегі әріптесім Назерке Үкібасова айтып берсін. Бет-жүзін жасырып, есімін өзгертуді сұраған бұл әйел өң мен түстің ортасында жүргендеймін дейді. Келіншек жақында сегізінші сыныпта оқитын қызының іші шығып кеткенін байқап, ауруханаға жетектеп апарғанын айтады. Тексере келе жеткіншектің жүкті екенін белгілі болған екен. 

“Іші өсіп жатты. Қатты семірді. Тексеруге апарсам жүкті деді. Содан білдім. Зорлық-зомбылық қылған. Зорлаған. Жаңағы Азат деген. Мама зорлады сіз жоқ кезде деп. Қорқытқан ғой қатты. Өлтіремін. Соямын айтатын болсаң деп қорқытқан”, – дейді жәбірленушінің анасы Айнұр.

Ең сорақысы, кәмелет жасына толмаған қыз жеті ай бойы құрсағында сәбиі бар екенін ешкімге айтпаған дейді анасы. Тіпті, мектепке барып, сабақ оқып жүріпті. Білім ошағына бардық. Бірақ ұстаздар сұхбат беруден бас тартты. Ал, аудандық білім бөлімінің өкілдері жәбір көрген оқушыға дағдарыс орталығының мамандары көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. 

“Қазіргі таңда жасөспірім дағдарыс орталығына уақытша орналастырылды. Оған қажетті психологиялық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімі тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – дейді Түркістан облысы білім бөлімінің баспасөз қызметі.

Бұл іс бойынша оқушының көршісінің үйіне келіп жүретін 37 жастағы азамат қамауға алынды. Екі баласы бар күдікті әпкесінің баспанасына жатып, қара жұмыспен нәпақа тапқан дейді туыстары. Ал Гүлмира Ботабекова інісінің қаршадай қызға азғындық жасағанына сенбейді. 

“Августің 20 күні ол келеді. Біз Ресейге кетсек, қыркүйектің үшіне келемін ғой. Бұл бала бұл жерден кетіп, келмейтін еді. Бұл маған жәрдем берді. Асқабақ жинасты. Октябрьде кетті. Кеше ақпанда келді. 10 күн істеп, тағы барып келді. Анық бұны істесе бала бұл жаққа келмейтін еді”, – деп отыр күдіктінің әпкесі Гүлмира Ботабекова.

Қазір полиция сот-медициналық сараптамасын тағайындап, тергеу жүргізіп жатыр. Ал, жәбірленушінің анасы кінәлі адам тиісті жазасын алсын деп отыр.