"Wildberries пен ozon Қазақстан Туын сатуда заң бұзған": Мәдениет министрлігі туды қорлағандарға қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Министрлік осы оқиға бойынша Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған

Фото: әлеуметтік желіден

Мәдениет және ақпарат министрлігі бет-аузын тұмшалаған діни киімдегі атыраулықтардың Қазақстан Туын қорлаған суреті туралы пікір ұстанымын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

— Wildberries.kz және ozon.kz интернет-ресурстарында интернетке жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңнамасын бұзатын материалды тарату бөлігінде 2 заң бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта wildberries.kz интернет-ресурсынан Қазақстан Республикасының араб жазуы бар Туының сатылғаны туралы ақпарат жойылды. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және заңсыз материалды жою шараларын қолдану туралы ozon.kz интернет-ресурсының әкімшілігіне хабарлама хат жолданды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ министрлік осы оқиға бойынша Ішкі істер министрлігіне хат жолдаған.

— Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ішкі істер министрлігіне өз құзыреті шегінде процессуалдық шаралар қабылдау туралы хабарлама хат жолдады, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Министрлік ІІМ-нен нақты кімге қарсы шара қабылдауды сұрағанын нақтылаған.

— Стандартқа сай емес Қазақстан Туының суретін жарнамалауға атыраулық тұрғындар кінәлі ме, әлде Wildberries.kz және ozon.kz платфтормалары кінәлі ме, оны ІІМ анықтайды, — деп түсіндірді министрліктегілер.

Бұған дейін Атырауда өзге тілде жазылған жазуы бар мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталғаны айтылған еді.