Павлодарда ер адам пойыз астына түсіп мерт болды

Qaz365.kz редакциясы

Қазір тергеп-тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр

Фото: ҚТЖ

Павлодарда трамвай депосына апаратын көпір маңында ер адамды пойыз қағып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаза тапқан ер адамның жеке бас мәліметтері анықталған жоқ, жасы шамамен 40-та болуы мүмкін.

“Ер адамды пойыз қағып кеткені туралы ақпарат сағат 20.00-де хабарланды. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 7 минутта жетті. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлерінің тез жетуі адамдарды әрдайым өмірден құтқара бермейді. Пойыз астына түскен азамат алған жарақаттары салдарынан сол жерде көз жұмғаны анықталды”, — делінген өңірлік жедел жәрдем стансасының хабарламасында.

Павлодар стансасындағы желілік полиция бөлімі қозғалыс қауіпсіздігі ережесін және темір жол көлігін пайдалану ережелерін бұзып, абайсызда кісі өліміне соқтырған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.