"Шұжық кесетін пышақ": Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты тың деректер айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Алдын ала тыңдау кезінде прокурор айыптау актісін оқыды

Фото: informburo.kz

Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған ер адамға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

Сот отырысы Түрксіб аудандық сотында өтіп жатыр. Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылып отыр:

Кепілге алу – ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы;

Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық – ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі;

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау – ҚР ҚК-нің 273-бабы.

Алдын ала тыңдау кезінде прокурор айыптау актісін оқыды. Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 7 наурызында жұмыссыздық пен жиналған қарыздарына байланысты ауыр өмірлік жағдайға тап болған М.Баратов Алматы халықаралық әуежайына автобуспен келген. Әуежай аумағында біраз жүріп, сағат 11:00 шамасында ғимаратқа кірген және екінші қабатқа көтеріліп, жолаушыларды тіркеу залына өткен.

– Баратов жолаушылардың ұшуға дейінгі тексеруден өтіп, күту залына кіріп жатқанын көрген. Сөйтіп өзі де басқа қалаға ұша аламын деп ойлап, жолаушылармен бірге тексеру бекетіне барған. Сол жерде оны тексеру қызметінің инспекторы Мұхтарова (жәбірленуші) тоқтатып, әрі қарай өту үшін отырғызу талоны мен жеке куәлігін көрсетуін сұраған, — деді прокурор.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, Баратов өзінде ешқандай қажетті құжат жоқ екенін түсініп, тексеруші инспекторды кепілге алған. Ол бұл әрекеті арқылы әуежай қызметкерлерін өзін ұшаққа отырғызуға мәжбүрлемек болған.

– Тексеру қызметінің инспекторы Мұхтарованы шашынан тартып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Оң жақ қалтасынан пышақ алып шығып, онымен қорқытты. Бұл әрекетімен шектелмей, полиция қызметкерлері мен басқа адамдардың жиналып жатқанын көріп, Баратов инспекторды өзіне «қалқан» етіп пайдаланды. Пышақты оның тамағына тақаған күйі талап қойды: өзіне жақындамау, күш қолданбау және қаруды тастау. Егер бұл талаптар орындалмаса, әуежай ғимаратын жарып жіберетінін айтты, – деді прокурор.

Айыпталушы Машрапбек Баратов оқиғаға байланысты өз нұсқасын айтып берді. Оның сөзінше, ол әуежайға баруды алдын ала жоспарламаған. Қоғамдық көлікте отырып әуе айлағына қалай жеткенін байқамай қалған.

Айыпталушы тексеру бекетіне барғанда инспектор өзінен құжат сұрағанын, ал кетпек болғанында өзін жағадан тартқанын атап өтті. Айтуынша, ол ашу үстінде қызды шашынан тартқан және күнделікті сөмкесінде шұжық кесу үшін алып жүретін пышақты алып шыққан.

Машрапбек Баратов абыр-сабыр үстінде «әуежайды жарамын» деп айтқанын мойындады. Бірақ айтуынша, ешкімге зиян келтіруге не әуежайды жаруға ниеті болмаған.

Айта кетейік, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенген болатын.