Ресей Украинаға зымыранмен соққы жасады. 32 адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

Ол АҚШ-ты, Еуропаны және өзге елдерді бұл зымыран шабуылына қатаң жауап беруге шақырды

©️ x.com/ZelenskyyUa

Ресей әскері Украинаның Сумы қаласына ракетамен соққы жасады. Бұл туралы жергілікті билік пен Украина президенті Владимир Зеленский өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі (ТЖМҚ) өзінің Telegram-арнасында 32 адамның қаза тапқаны туралы мәлім етті. Олардың екеуі – бала. 84 адам жарақат алды, оның ішінде 10 бала бар.

Сумы қаласына баллистикалық зымыранмен жасалған сұмдық соққы. Жаудың зымырандары жай ғана қалалық көшеге, бейбіт өмірге соққы берді: тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, көліктер... Бұл – адамдар шіркеуге баратын күні болды Мұндай әрекетті тек сұмырай ғана істей алады. Кәдімгі адамдардың өмірін қиып жатыр. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Қазір құтқару операциясы жалғасып жатыр. Барлық қажетті қызметтер жұмыс істеп жатыр, - деп жазды Владимир Зеленский.

Ол АҚШ-ты, Еуропаны және өзге елдерді бұл зымыран шабуылына қатаң жауап беруге шақырды.

Бұған дейін 13 сәуірге қараған түні, Ресей әскері Украинаға 55 ұшқышсыз ұшақпен (дронмен) шабуыл жасады. Олардың 43-і әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) құралдарымен атып түсірілді.