Шымкентте жеті жасар бала су толған шұңқырға құлап мерт болды

Qaz365.kz редакциясы

Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Фото: pixabay.com

Шымкентте 12 сәуірде бірінші сынып оқушысы көз жұмды - бала Тұран-1 шағын ауданында су толған шұңқырға құлаған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Отырар телеарнасына сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, жеті жасар бала кешкі сағат 17:00 шамасында үйден шығып кеткен, бірнеше сағаттан кейін, шамамен 22:00-де оның денесі 2 метр терең су толған шұңқырдан табылған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шұңқыр бірнеше жыл бұрын көпқабатты үйлердің кәріз суына арналып қазылған, бірақ жұмыс тоқтап, шұңқыр ашық қалған. Уақыт өте келе ол ағынды суға толған.

Телеарнаның хабарлауынша, тұрғындар қауіпті аумақты қоршау туралы өтінішпен жауапты органдарға бірнеше рет жүгінгенімен ешқандай шара қабылданбаған.

Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.