«Өтірік талып жатыр, тұрады»: Маңғыстауда қора тазаламағаны үшін оқушы соққыдан жан тапсырған

Qaz365.kz редакциясы

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылында мектеп оқушысы Сағындық Құрманиязұлының өліміне байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Қайғылы оқиға 8 сәуірде болған. Оқушының достары мен немере ағасы бұл – жүйелі қорлық пен күш көрсетудің соңы болғанын айтады. Qaz365.kz тілшісі оқушының ағасы мен досынан оқиға қалай болғанын сұрап білді.

«Келіңдер, әйтпесе өздерің білесіңдер»

Марқұм Сағындықтың достарының айтуынша, 20-21 жастағы жігіттер биыл 11-сынып оқып жатқан жоғары сынып оқушыларын үш жылдан бері өз шаруасына жұмсап келген.

«Сағат 16:30-да хабарлама келді. Қора тазалауға көмектесіңдер деді. Көмек сұрап емес, бұйырып айтты. «Келіңдер, әйтпесе өздерің білесіңдер» деп қоқан-лоқы көрсетті. Басында да 8-сыныптан бері қорасын, кәрізін, құбырын тазалап келеміз», – дейді оқушының сыныптасы.

Сол күні ол кешке балаларды қайта шақырып, бір қатарға тұрғызып, бір-бірлеп ұрған. Содан сол маңдағы теміржол астындағы қараңғы өткелге апарған.

«Мен кеудемнен екі рет соққы алдым. Содан кейін Сағындықты ұрды. Бір соққыдан кейін қырылдап, сол жерде жан тапсырды», – дейді досы.

Куәгерлердің айтуынша, күдікті оқиға орнынан жәйбарақат кетіп қалған. Кейін балаларға қысым көрсетіп, жалған ақпарат таратуға мәжбүрлеген.

«Өтірік талып жатыр, тұрады»

Марқұмның немере ағасы Сәкен Қуанышбековтің сөзінше, Сағындықтың өлімін «жүрек талмасынан мотоциклге жетпей құлап қайтыс болды» деп түсіндірмек болған. 

«Сол күні інім мектептегі достарымен бірге шақыртылған. Теміржол астындағы қараңғы өткелде кеудесіне соққы алған. Бірақ ініме ауа жетпей жатса да, күдікті «өтірік талып жатыр, тұрады» деп ешқандай көмек көрсетпеген. Қайтыс болғанын білген соң, ол жердегі 8 оқушыға қысым көрсетіп, «ешкімге айтпаңдар, жүрегіне байланысты қайтыс болды деп айтыңдар» деп қорқытқан», – дейді ол.

Ағасының айтуынша, басты күдікті спортта марқұммен бақталас болған. Волейбол жарыстарына іріктеуден Сағындықтың өтіп, өзінің өтпей қалуы да – күш көрсетуінің бір себебі болуы мүмкін.

Басты күдікті қамауда

«Алғашқыда бала жүрек талмасынан қайтыс болды деген ақпарат тарады. Бірақ кейін достары болған жайтты ашып айтып, денесінде соққы ізі барын байқадық. Арыз 12 сәуір күні түсіп, сол күні-ақ күдіктілер ұсталды. Қазір басты күдікті қамауда. Құқық қорғау органдарына алғысымыз зор.Тергеу жүріп жатыр. Ең ауыр жаза тағайындалса дейміз», – дейді Сәкен Қуанышбеков.

Қайғылы жағдайдан кейін Ақжігіт ауылы алаңдаулы күйде. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.