Шерзаттың ағасы Нұрқанаттың қазасы кезінде қасында адам болған-болмағанын Ресей спутниктері арқылы қараймыз – адвокат

Qaz365.kz редакциясы

Талдықорғанда шулы іске қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Фото: newqazaq.kz

Шерзат Полат ісінде жәбірленушілердің құқығын қорғайтын адвокат Мейірман Шекеев сот үзілісі кезінде журналистердің бірнеше сұрағына жауап беріп үлгерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сотталушылардың бірі бұрын сотты болып, 7 жылға сотталған. Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, Шерзат Полат өлген түні сол сотталушы онсыз да тергеуде жүрген. Яғни, сотталушыда рецидив бар.

Қазір прокурор Дана Сәрсенбай ұзақ айыптау актісін оқып жатыр. Әр сотталушының адвокаты әртүрлі болғаннан кейін прокурор бәрін оқуға міндетті.  Журналистер сот ғимаратының алдында Мейірман Шекеевтен не себепті сотталушылардың бәрінің айыптау актісі бірдей екені сұралды. 

«Істің мән-жайы болады. Бұның бәрі бір жерде болған оқиға. Сондықтан сипаттап жазған. Содан кейін әр сотталушының қылмысқа қатыстылығы жеке-жеке баға беріледі. Бәріне жеке айыптау тағар кезде айтылады. Сотталушы тарап айыптау актісін жеке-жеке оқуды сұрағандықтан, сот солай қарайды. Бұл айыптау актісі ғана. Іс 60 томнан тұрады. Сондықтан, әрқайсысына жеке-жеке баға берілген. Соны жинақтап отырып айыптау актісіне енгізген. Түсінікті ме? Жеке-жеке беретін болса, айыптау актісінің өзі 90 бет», - дейді ол.

Мейірман Шекеев сонымен қатар Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі жайлы сұраққа жауап берді.

«Осыған қатысты Абзал Құспанға сұрақ қойдым. Үйдің өртенуіне қатысты Ресейге сұрау жасалған. Спутник арқылы бізге ақпарат сұраттық. Ғайыпбаевтың да ісін қосып, сұратып отырмыз. Яғни, өз-өзіне қол жұмсаған кезінде қасында адамдар болды ма, қандай көліктер болды деген сияқты. Бірақ күдікті адамдар табылмады», - деді адвокат.