"Үйден шығып, хабарсыз кетті": Зайсанда жоғалып кеткен жасөспірім қыз табылды

Nur-Altay Umirzak

Дрон көмегімен 15 сағаттан кейін жасөспірімнің жүрген жері анықталған

Сурет: Polisia.kz

ШҚО Зайсан қаласында жоғалып кеткен кәмелет жасқа толмаған қыз бала табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қыз бала алдыңғы күні кешке үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған және онымен байланыс болмаған.

“17 сәуірге қараған түні Зайсан аудандық полиция бөліміне қала тұрғыны кәмелет жасқа толмаған қызының жоғалғанын айтып, көмек сұрап жүгінген. Іздеу жұмыстарына жедел түрде полицияның жеке құрамы мен құтқарушылар жұмылдырылды, сондай-ақ еріктілер мен бей-жай қарамайтын тұрғындар қосылды. Бұдан бөлек, іздеуге қызметтік иттер қатыстырылды, ал ТЖД қызметкерлері қол жеткізу қиын аумақтарды дронның көмегімен зерттеуге кірісті. 15 сағаттан кейін жасөспірімнің жүрген жері анықталып, табылды”, – делінген полиция хабарламасында.

Полицейлер кәмелет жасқа толмаған қызбен және оның ата-анасымен алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізген.