Жаңаөзендегі төбелеске қатысты «Білім-Инновация» пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
©️ yandex.kz

17 сәуір күні  Жаңаөзен қаласында мектептен тыс уақытта 11-сынып оқушылары арасында төбелеске қатысты «Білім-Инновация» мектеп-интернаты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оқиға салдарынан бір оқушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Шәкіртімізге қажетті ем-дом шаралары көрсетіліп, жан-жақты психологиялық қолдау ұсынылуда. Біз оның тезірек сауығып, ортамызға аман-есен оралуына тілекшіміз, - делінген хабарламада.


Лицей әкімшілігі тарапынан ата-аналармен бірлесіп тәрбиелік және алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылданды. Оқиғаға қатысы бар оқушылар мектепішілік есепке алынып, олармен жеке жұмыстар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда оқушылар өз әрекеттеріне өкініп, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқан. Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл іс білім басқармасының тікелей бақылауында.

Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан мәліметтердің бір бөлігі шындыққа жанаспайды. Анықталмаған, расталмаған ақпараттар тергеу барысына кедергі келтіріп қана қоймай, зардап шеккен тараптың да психологиялық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін.Осы орайда барша ақпарат құралдарын және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, дәлелденбеген мәліметтер таратпауға және баланың құқығын қорғауға шақырамыз.Біз ата-аналармен, педагогтармен және қоғаммен ашық, сындарлы байланыс орнатып, мұндай жағдайлардың алдын алуға бірлесіп күш жұмсауға дайынбыз, - делінген хабарламада.