Талдықорғанда шулы іске қатысты сот процесі жаслғасып жатыр
Шерзат Полаттың ісі бойынша соттан шыққан адвокат Мейірман Шекеев (жәбірленушілерді қорғайтын) журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Төбелес кезінде қару кімдікі?» деген сұраққа адвокат «сот тергеуі енді басталды, сондықтан алдын ала іс-материалдарын айта алмаймыз» деп жауап берді.
«Әр тарап өзіне керекті сұрақты қойып, әркім өзінің қорғауындағы адамдар үшін қойып жатыр. Біз жәбірленушіге қатысты сұрақтарды қойдық. Қаруға да әлі жетеді», – деді ол.
Қорғалуға құқығы бар куәгер Эльмира Нұрбекованың тергеу мен сот кезіндегі жауаптары екі түрлі болды. Мейірман Шекеевтің сөзінше, мұндай жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтты.
«Біз енді осы берген жауаптарына байланысты сот аяқталған кезде тиісті өтініш түсіруіміз мүмкін. Сот өз тарапынан да тиісті шешім қабылдайды. Бекітіп солай болады деп қазір айта алмаймыз. Сот үшін мен жауап бере алмаймын. Тергеу тарапынан кемшіліктері бары айтылды. 5 қазанда нақты қай жерде сұғылғаны айтылған. Анасының «баламды өлтіріп жатыр» дегені де егжей-тегжейлі айтылған. Қазір енді «шок болдым» дегені күмән тудырады. Бір беттің жоғарғы жағындағы нақты айтылған жауаптарын қуаттайды да, екінші абзац кезінде шокқа түсіп қалады. Бұл мүмкін емес», – деді ол.
Адвокат бастапқыда Нұрбекова «жас бала алып шықты» деп айтқанын есіне алды. «Әкемді жіберіңдер» дегенін есіне алады.
«Яғни, Шерзатты меңзейді. Бір емес, бірнеше рет басқаша жауап беріп отыр. Бір жерде ғана емес. Қазақша жауап бере алатынына да сотта көз жеткіздік. Барлығында ол тергеуде қазақ тілін таңдаған. Қазақ тілінде әп-әдемі жауап береді. Ал сотта орысша жауап береді», – дейді ол.