Түркістан облысында 3 жасар бала анасын іздеп жалаңаяқ үш шақырым жүріп өткен

Qaz365.kz редакциясы

Кішкентай бала адасып қалған

Фото: pixabay.com

Түркістан облысының Леңгір қаласында 3 жасар бала таңғы уақытта үйінен шығып кетіп, адасып қалған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

"Таңғы сағат 07:10 шамасында Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, Леңгір қаласы көшелерінің бірінде жеңіл киінген, аяқ-киімсіз кішкентай ұл бала жүргенін айтты. Аталған жайт полицияға тіркеліп, аумақтағы барлық учаскелік полиция инспекторларына бағдар берілді. Баланың ата-анасын іздеу жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Нәтижесінде өзінің ұлын іздеп жүрген әйел анықталып, полицияға жеткізілді", - делінген хабарламада. 

Кейін анықталғандай, таңғы сағат 06:00 шамасында анасы жұмысына кеткен. Үйдегілерден ерте оянған 3 жасар бала ашық тұрған қақпадан сыртқа шығады. Содан анасын іздеп, шамамен 3 шақырым қашықтыққа дейін кетіп қалған.

Ал қараусыз жүрген баланы тауып алған Нұрбек Арапбаев, бұл жағдайға бей-жай қарамай бірден баланы қауіпсіз жерге жеткізеді. Баласымен қауышқан ана, оның амандығы үшін қолынан келгенін жасаған барлық азаматқа алғысын білдірді.

Өз кезегінде жалғыз жүрген баланың жанынан өтіп кетпеген азаматтық оң ұстанымы үшін Нұрбекке, полиция басшысы Ғалымжан Қуашбаев алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.