Пәтер иесіне 4 жыл шартты жаза тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген
Шымкентте пәтер иесі жалға беру барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Шымкентте алғаш рет пәтерді жалға берген иесі қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «А» есімді азаматша пәтерді газ қызметімен келісімсіз және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтамай, жалға берді. Нәтижесінде пәтерде газ ағуы орын алып, пәтерді жалға алушы «Б» көмірқышқыл газымен улану салдарынан қайтыс болды. 2025 жылдың 18 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты азаматшаны ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы («Жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу») бойынша кінәлі деп тауып, 4 жыл шартты жаза тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұл жағдай пәтерді жалға беріп, табыс табатын әрбір азаматтың жалға алғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар екенін айқындады. Жауапсыздық ауыр зардаптарға және қылмыстық жауапкершілікке алып соғуы мүмкін. Қалалық прокуратура заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертіп отыр.