«Әйелі директор, өзі полиция қызметкері болған». Әйелін пышақтап өлтірген азамат туралы тың дерек шықты

Qaz365.kz редакциясы

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті — Алматы облысының жол-патрульдік полиция батальонында қызмет еткен

фото: gov.kz

Алматыда полиция қызметкері әйелін пышақтап өлтірді деген ақпарат тараған еді. Қазіргі кезде бұл оқиға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінде қызмет атқарған. Алайда белгілі бір себептермен жұмыстан шығарылған.

Қайғылы оқиға 30 сәуір күні түскі уақытта Шұғыла ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көршілер пәтерден шыққан әйелдің көмек сұраған дауысын естіп, дереу полицияға хабар берген.

Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы 40 жастағы ер адамның отбасылық жанжалдан кейін жұбайын пышақтап өлтіргенін анықтады. 34 жастағы әйел оқиға орнында жан тапсырған. Күдікті кейін өзіне де пышақ жарақатын салып, тамағын кесіп жіберген. Қансыраған ол дереу ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті — Алматы облысының жол-патрульдік полиция батальонында қызмет еткен. Ал қаза тапқан әйел — Ұзынағаш ауылындағы балабақша директоры болған. Ерлі-зайыптылардың артында үш бала қалды.

Оқиғаға байланысты ресми органдардан нақты түсініктеме берілмей отыр. Тергеу амалдары жалғасуда.