Куәгер өзінің тарапына айтылған сөзді жоққа шығарды.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот ісінде бүгін марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов пен куәгер Самат Абдықадыр арасындағы тергеу кезіндегі беттестіру сәтінен видео көрсетілді, деп хабарлайды qaz365.kz.
Көрсетілген видеода Қаржаубай Нұрымов оқиға күні Самат Абдықадыр жанжалға қатысушыларға «делайте» деп бұйрық бергенін айтты. Оның сөзінше, төбелес басталмай тұрып, дүкен алдына бірнеше көлік келіп тоқтаған. Соның бірінен түскен Самат басқа жігіттермен амандасып, содан кейін осы сөзді айтқан.
Дүкеннің алдында төбелес болмастан бұрын Нұрбол, Дархан дегендер жігіттерін шақыра бастады ғой. Сол кезде дүкеннің алдына Accent және «Мерседес» көліктері келіп тоқтады. Бұл жігіт (Самат) түсті. Оның жанында тағы екі жігіт болды. Екі көлік тоқтап, Самат кабандағы жігіттердің бәрімен амандасты. Нұрбол, Дархан, Нұрқиястармен амандасты. Нұрқанатпен де амандасып, екеуі сөйлесіп тұрып қалды. «Бір жерден көрдім ғой» деген сияқты әңгіме болды. Мен дүкеннің алдында тұрдым. Нұрқанатқа «мен төбелеспеймін ғой, мен шалмын ғой, төбелеспеймін, мен үшін жігіттер сөйлеседі» деген сөз аузынан шықты. Нұрқанаттан «бәрі дұрыс па?» деп сұрап едім, ол маған «дұрыс, танимын ғой» деді. Сосын мынау (Самат) «делайте» деді. Осы жігіттің аузынан осы сөз шықты, – дейді Қаржаубай Нұрымов.
Алайда куәгер Самат Абдықадыр бұл айтылғандарды жоққа шығарды. Ол дүкенге кіріп, сыра алмақ болғанын, сол сәтте сырттан шу естілгенін алға тартты. Өзінің ешқандай бұйрық бермегенін және төбелеске қатысы жоқ екенін жеткізді. Саматтың сөзінше, ол оқиғаға қатысқан жігіттердің көбін мүлде танымайды.
Жауаптарымен келіспеймін. Нұрқанатпен сөйлескеннен кейін біз дүкенге кіріп кеттік. Дидар екі сыраны алып келіп еді, сатушы болмады. «Сатушы кім?» деп едік, осы кісі (Қаржаубай) кірді. Мен ақшамды алып, төлейін деп едім, сыртта «гүрс» еткен дыбыс естілді. Сол кезде аға (Қаржаубай) бізді «шығыңдар» деп дүкеннен қуып шықты. Сосын біз көлікке отырып, кетіп қалдық. «Делайте» деп айтқан жоқпын. Себебі ол адамдарды танымаймын. Көлікпен келген жігіттермен де амандасқан жоқпын, ешқайсысын танымаймын да, – дейді куәгер Самат.
Сондай-ақ ол бұған дейінгі сот отырысында бауыры, айыпталушы Дидар Қалиахметовпен бірге болғанын, моншадан кейін дүкенге барғанын, төбелес басталмай тұрып оқиға орнынан кеткенін айтқан.