Қорғаушылардың келтірген уәждері талаптарға сай емес
Шерзат Полат ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор Дана Сәрсембайға қарсы қорғаушылар тарапынан қарсылық білдірілді. Бұл жөнінде Qaz365.kz тілшісі сотталушы Дархан Әскентайдың қорғаушысы Мәулен Ержанов пен жәбірленуші тараптың өкілі Қаржаубайдың қорғаушысы Мейірман Шекеевтің пікірін білді.
Сотталушы Әскентайдың қорғаушысы Мәулен Ержанов прокурорға қарсылық білдірген өтінішті қорғаушылар бірауыздан қолдағанын айтады.
– Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушыға қарсылық өтінішін айттық. Әріптестер де қолдады. Біріншіден, прокурор эмоцияға ерік беріп отыр. Қысым көрсетіп жатыр. Өзге қорғаушылар да өз өтініштерін жеткізді, – деді қорғаушы Ержанов.
Сондай-ақ ол бұған дейін жәбірленуші тарап айтқан кейбір мәлімдемелермен келіспейтінін білдірді.
– Жәбірленуші жақ Әскентай Дарханнан кешірім сұрады деді, бірақ ондай әрекет болмаған. Ақшалай өтемақы беру, ем-дом ұсыну туралы да айтылмаған. Әскентай төбелеске қатыспаған. Айыптаумен келіспейміз. Оның денсаулық жағдайы да тергеу кезінде ескерілмеді, – деді қорғаушы.
Ал жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев прокурорға қарсылықтың заңдық негізі жоқ екенін алға тартты. Ол прокурор дұрыс ескерту айтып отырғанын, Әскентайдың жалған сөйлеп отырғанын айтты.
– Қылмыстық-процестік кодекстің 88-бабында қандай жағдайда прокурорға қарсылық білдіруге болатыны нақты көрсетілген. Қорғаушылардың келтірген уәждері бұл талаптарға сай емес. Сондықтан сот өтінішті қанағаттандырмайды деп санаймыз, – деді қорғаушы Мейірман Шекеев.
Ол сондай-ақ сотта Әскентайдың бұған дейін айтпаған «кастет» туралы мәлімдемесіне де күмән келтірді.
«Кастет бойынша бұған дейін айтылмаған. Прокурор дұрыс ескерту айтып жатыр. Ол заңды сұрақ. Біз Әскентайды жалған сөйлеп отыр деп ойлаймыз. Тергеу барысында кастет туралы мүлдем айтпаған», - дейді Мейірман Шекеев.