Ардагерді шараға күзетте тұрған әскерилер мен полиция қызметкерлері кіргізбеген
Астанада әскери шеруді көруге келген тыл ардагерін шараға кіргізбей қойған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ардагерді шараға күзетте тұрған әскерилер мен полиция қызметкерлері кіргізбеген.
“Басшыларды шақырып, кіргізіңдер. Ұят болады. Бәлкім бұл соңғы парады шығар”, – дейді бейнеде.
Мұны көрген желі қолданушылары ардагерлерсіз әскери шеру өткізудің мәні жоғын айтып наразылық білдірді. Сондай-ақ, желіде де бұл жайт үлкен резонанс тудырған.
"Блогер сымақтарды кіргізгенше, осындай кісілерді неге кіргізбейді", "Жүрегім ауырып отыр ата үшін", "Атау, біздің елдің ұрпақтарын кешіре гөр", "Көзіме жас келіп тұр, ұят болды", "Мереке осы кісілердікі, өзі санаулы-ақ қалды ғой", – деп жазды желі қолданушылары.
Аталған жағдайдан соң Астана әкімдігі ардагер мен оның отбасынан кешірім сұрады.
Кейін белгілі болғандай, шараға кіре алмай қалған ардагердің қазақтан шыққан алғашқы нейрохирург Теңдік Изақов екені белгілі болды. Қазір ол 97 жаста.