Ата-анамен арасындағы проблеманы айтқан мектеп директоры желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды

Nur-Altay Umirzak

Ол директор болып алғаш келген күні-ақ ата-аналар тарапынан түрлі шағымдар түскен

Сурет: Бейнеден кадр

Желіде мектеп директоры болып жұмыс істейтін маманның видеосы тарады. Ол әзіл-шыны аралас оқушылардың ата-аналырмен жұмыс істеу қиын екенін айтқан әңгімесі желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“2023–2024 оқу жылы мен үшін ерекше басталды. Тамыз айының 30-ы күні директорлық қызметке ресми бұйрық шықты. Ал қыркүйектің 4-інен бастап жұмысқа кірістім. Бұл — менің алғашқы тәжірибем, бұған дейін мектеп басқару саласында жұмыс істеп көрмеген едім. Жаңадан келген басшы ретінде біраз қиындықтарға тап болатынымды іштей сезіп тұрдым. Директор болып алғаш келген күндері-ақ ата-аналар тарапынан түрлі шағымдар келе бастады. Бір күні бір ата-ананың атына жазылған үш беттен тұратын арыз келіп түсті. Алғашында қобалжып, тіпті өз-өзіме сенімсіздік туындады. Бұрынғы директорыммен сөйлесіп, кеңес сұрадым. Ол кісі: «Сен мықтысың, бірақ бұл ата-анамен жұмыс істеу оңай болмайды. Бұл кісімен біраз «жерге барып келдік»», – деді. Сол сәтте өзіме: «Мен қайда келдім?» деген сұрақ қойдым”, – дейді мектеп директоры.

Аталған ата-ананың баласы осы мектепте сегіз жыл оқыған екен. Кейін белгілі болғандай, бұл бала жазуға, шағымдануға бейім болыпты. Мектеп директоры ата-анамен тікелей сөйлесуді жөн көріп, оны мектепке шақырып, дастархан жайып, ашық сырласқан.

“Бұл кездесуден соң ол ата-ана мектепке деген көзқарасын өзгертті. Өзара түсіністік пайда болды. Бұл — мектеп пен ата-ананың ортақ мақсатқа, яғни бала болашағына бағытталған күш-жігерінің көрінісі.Мұндай сәттер мен үшін үлкен өмірлік сабақ. Директор болу — тек әкімшілік қызмет емес, бұл — жан дүниені түсіну, тыңдау және әр адамның ішкі әлеміне үңілу”, – дейді ол.