Алматыда ер адам түнделетіп банк бөлімшесін тонамақ болған

Nur-Altay Umirzak

Ол кассаға өтпек болғанымен, брондалған шыныдан ары өте алмаған

Сурет: Polisia.kz

 Алматыда түнделетіп банктен ақша ұрламақ болған 32 жастағы күдікті ұсталды,деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Алматыда полицейлер екінші деңгейлі банк бөлімшесінен қолма-қол ақша ұрлау әрекетінің бетін ашты. Қылмыс түнде жасалған. — Белгісіз ер адам ғимаратқа терезе арқылы кіріп, одан кейін кассаға өтпек болғанымен, брондалған шыныдан өте алмаған. Бұл әрекеттің бекер екенін түсінген күдікті оқиға орнынан кетіп қалған, – деді, Жетісу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.

Криминалдық полиция басқармасы Жетісу аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қысқа мерзімде 32 жастағы күдікті анықталып, ұсталған.

“Аудандық жедел қызметкерлер мен біздің бөлімшенің қызметкерлерінің келісілген жұмысының арқасында ұрлық жасау әрекеті “ізін суытпай” ашылды. Бұл – профилактикалық бейнебақылаудың тиімділігінің және қызметкерлеріміздің жедел әрекет етуінің жарқын мысалы. Біз жаңа технологиялар мен цифрлық мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданамыз. Күдікті өз кінәсін мойындады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды”, –  деді, Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.