Атырауда жасөспірімді жабылып аяусыз соққыға жыққандар ұсталды

Nur-Altay Umirzak

Соққыға жыққандардың бірі – құқық қорғау органдарының қызметкерінің баласы 

Сурет: atyrauoil.official/ instagram

Атырауда екі жасөспірімді жабылып аяусыз соққыға жыққандар ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Атырау облыстық Полиция департаменті мәлімеді. Атырау облысында мектеп оқушылары екі жасөспірімді жабылып соққыға жыққан. Оқиға Еркінқала ауылында болған.

Жәбірленуші баланың отбасы полицияға арыз түсірген. Алайда олар істің жабылып қалуынан қауіптенеді.

“Ұлына сегізге жуық жасөспірім жабылып тиісіп, ұрып-соққан. Солардың бірі – құқық қорғау органдарының қызметкерінің баласы. Баламның денесі көгеріп кеткен, мұрнынан қан кетіп жатыр, өзі қатты психологиялық күйзеліске түсті. Бізге ескерту жасаған: «Егер біреуге тіс жарып айтса, тағы да соққыға жығамыз» деп. Мен үндемей қала алмаймын. Балам үшін қорқамын, бірақ өзгелердің баласына да қауіп төніп тұрғанын ойласам одан бетер қорқамын, – дейді жәбірленушінің анасы.

Жәбірленушінің ата-анасы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен құқық қорғау органдарынан араласуды және істің жабылмауын талап етіп отыр.

Атырау облыстық полициясы Еркінқала ауылындағы топтық соққыға қатысты төмендегідей пікір білдірген:

“Қасақана дене жарақатын келтіру дерегі бойынша күдікті жасөспірімдердің барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Жасы кәмелетке толмағандықтан, олар заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алатын болады. Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір болған оқиғаның барлық жай-жапсары анықталу үстінде. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша мәлімет берілмейді. Іс құқық қорғау органдарының бақылауында, – делінген хабарламада.