Ол білезіктің "жоғалғанын" хабарлап, жалған ақпарат беруге тырысқан
Өскеменде пробациялық бақылауда болған ер адам электронды білезікті кесіп тастап, түрмеге кері тоғытылды,деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Өскемен қаласында пробациялық бақылауда болған 35 жастағы ер адам электронды бақылау білезігін күштеп шешіп тастап, заңды айналып өтпек болғанымен, керісінше өзіне ауыр жаза жүктеді. Сот шешімімен шартты түрде сотталып, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД Өскемен қаласының Үлбі аудандық пробация қызметінің есебіне алынған азаматқа жазаны өтеу тәртібі мен шарттары толық түсіндірілген. Сонымен қатар қызметкерлер оның қайта қылмысқа бармауы үшін профилактикалық әңгімелесу де жүргізген. Алайда кешкі уақыттардың бірінде, мас күйінде жүрген ол аяқтағы электронды білезікті пышақпен қиып тастайды. Мұнымен қоймай, "102" нөміріне қоңырау шалып, білезіктің "жоғалғанын" хабарлап, жалған ақпарат беруге тырысады. Оның ойынша, білезік болмаса – бұзушылық та тіркелмейді. Бірақ бұл айла-шарғы ұзаққа созылмады. Пробация қызметі оның өтірігін жылдам әшкерелеп, тексеру нәтижесінде бұл әрекеттің алғашқы заң бұзушылығы емес екені анықталды”, – делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін де ол жазаны өтеу тәртібін елемей, тіпті жұмыссыз бола тұра, өзін жұмысқа орналасқан етіп көрсетуге тырысқан. Осы заң бұзушылықтардың жиынтығы негізінде пробация қызметі сотқа шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс енгізді. Сот шешімімен ер адам қалған жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
“Бұл жағдай – заңға және пробация қызметінің жұмысына деген құрметсіздіктің көрінісі. Электронды мониторинг — сотталғандарды бақылаудың және оларды қоғамға бейімдеудің тиімді құралы. Оны айналып өтуге талпыну тек жазаны ауырлатады, — деп атап өтті ШҚО бойынша ҚАЖД бақылау және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Мақсат Манарбеков.