Алматылық депутат Таразға қызметтік сапар барысында соққыға жығылды

Nur-Altay Umirzak

Қазір уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде

Сурет: facebook.com/Нурлан Байгазиев

2025 жылғы 14 мамырда Тараз қаласында Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

“Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаға қатысы бар тұлға анықталып, полицияға жеткізілді. Жәбірленушіге медициналық көмек көрсетілген, алайда ол ауруханаға жатудан бас тартқан. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – делінген Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Байғазиевтің соққыға жығылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға Тараз қаласында, депутаттың жұмыс сапары барысында орын алған.