Шерзат ісі: күдіктілердің бірі бұған дейін 7 жылға сотталған

Qaz365.kz редакциясы

Ол бұған дейін бас бостандығынан айырылған. 

Әлеуметтік желі

Талғар қаласында жасөспірім Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша күдіктілердің бірі — Азамат Тоқтаубаев осы оқиға болған күні үй қамақта болуы тиіс еді. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы Tengrinews.kz-ке берген ресми сауалына берген жауабында хабарлады, деп жазады qaz365.kz.

24 жастағы Азамат Тоқтаубаев алғаш рет сот отырысы кезінде орташа қауіпсіздіктегі колонияда жеті жылға бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеді. Оған қатысты үкім Шерзаттың өлімінен екі апта өткен соң, яғни 2024 жылдың 17 қазанында шығарылған.

Алматы облысы прокуратурасының мәліметінде:

2024 жылдың 17 қазанында Талғар аудандық сотының үкімімен Тоқтаубаев А.М. ҚР ҚК 106-бабы 2-бөлігі 7-тармағы бойынша (бұзақылық ниетпен қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды, — делінген.

Шерзаттың өлімі болған күні Азамат Тоқтаубаев неге бостандықта жүрген?

Прокуратура Азамат Тоқтаубаевтың неге бостандықта жүргенін былай деп түсіндірді:

Тергеу барысында 2023 жылғы 15 желтоқсанда Талғар аудандық тергеу сотының қаулысымен Тоқтаубаевқа қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды (2024 жылдың 14 ақпанына дейін). Ал 2024 жылдың 6 ақпанында тергеу сотының қаулысымен бұлтартпау шарасы үй қамаққа өзгертілді.

Сонымен қатар аудан прокуратурасының бұл шешімді өзгерту туралы өтініші апелляциялық сот тарапынан қанағаттандырылмағаны айтылды.

Азамат Тоқтаубаев деген кім және оған тағылған айып қандай?

Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, үйленген, орта білімді. Өзінің айтуынша, жеке кәсіпкер болған.

Қазіргі таңда ол Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы істе сотталушы ретінде қаралуда. Оған «Бұзақылық» бабы бойынша айып тағылған.