«Үніңді шығарма, сені де осы мылтықпен ұрамын»: Сотталушының бірі Шерзаттың анасын қорқытқан

Nur-Altay Umirzak

Оны ұстау барысы бейне есеп үшін арнайы жасақтың қатысуымен қайта ұйымдастырылып түсірілген

Сурет: скриншот/Жоғарғы сот

Бүгін Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта Нуркияс Ілиясовтан жауап алынды,  деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Марқұмның анасының айтуынша, дәл осы Ілиясов ұлы әлсіреп жатқан кезде оның басынан шолақ мылтықтың дүмімен ұрған. Әйел сондай-ақ Ілиясовтың қолында мылтық болғанын көргенін және оның өзіне де:

«Үніңді шығарма, сені де осы мылтықпен ұрамын», – деп қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеген.

Сотта жауап беру кезінде Ілиясов оқиға орнына айыпталушылармен бірге Нұрбол Тоқтаубаевқа көмек көрсету үшін барғанын айтты. Оның сөзінше, Нұрболды біреу ұрып кеткен деген хабарды естіп, сол жерге жеткен.

Ілиясовтың айтуынша, олар барған сәтте бірінші болып Шерзат оған соққы жасаған, содан кейін жанжал ушығып кеткен.

“Шерзат маған жақындап келіп, ұрды. Мен кейін шегіндім. Сол сәтте Қаржаубай дүкеннен пышақ ұстап шықты”, – деді Ілиясов.

Кейін Ілиясов оқ атылғанын көргенін айтты. Оның сөзінше, мылтықты Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев атқан. Екінші рет оқ атылғаннан кейін Шерзат қайта келіп, оны ұрған.

“Сол кезде Шерзат тағы да келіп, мені ұрды. Ол құлап бара жатқанда Нұрғанат оны көтермек болды. Сол сәтте мен мылтықты алып, дүмімен екі рет ұрдым”, – деп қосты ол.

Оның айтуынша, айналада «жедел жәрдем шақырыңдар» деген айқай басталғанда, Азамат Тоқтаубаев мылтықты тартып алып, олар оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полиция оларды тоқтатып, жанжалға қатысқан бір адамның қайтыс болғанын хабарлаған.

Сондай-ақ Ілиясов тергеу барысында полиция қызметкерлері оларды сыртқа шығарып, видеоға түсіргенін растады. Оның айтуынша, бұл бейне есеп үшін арнайы жасақтың қатысуымен ұйымдастырылған ұстау болған.