Астана циркіндегі шоу кезінде акробат қыз бес метр биіктіктен құлап кетті

Nur-Altay Umirzak

Акробат қыз бас жарақатымен және мидың шайқалуы диагнозымен ауруханаға жатқызылды

Сурет: Yandex Карта/ Никита

18 мамыр күні Астана циркіндегі шоу кезінде акробат қыз бес метр биіктіктен құлап кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Куәгерлердің айтуынша, нөмір қараңғыда көрсетілген және көрермендер бірден не болғанын түсінбей қалған. Кейінірек цирк әкімшілігі әртістің құлауына қатысты пікір білдірді.

«Ол — спорт шебері, күрделі трюктерді сақтандырусыз орындауға дағдыланған, жеңіл жарақат алды және жақын арада манежге қайта оралып, көрермендерді қуантуын жалғастырады», — деді цирк әкімшілігі.

Жәбірленушінің жағдайы туралы Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Қыз бала циркте 5 метр биіктіктен құлап жарақат алған. Оқиға орнынан оны жедел жәрдем алып кетті. Бас жарақаты және ми шайқалу диагнозы қойылды. Жалпы жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Қазіргі таңда пациент оянып, есін жиды», — деп хабарлады басқарма.

Ал цирк әртістері өнер көрсеткен шоу 1 маусымға дейін жалғасады.