Ол пышақты сипаттап берді
Шерзат Болатқа қатысты өтіп жатқан сот процесінде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тергеу барысындағы жауабының бейнежазбасы көрсетілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бейнежазбада Нұрымов оқиға күні «Қамажай» дүкенінен қандай пышақ алып шыққанын сипаттап берді. Оның айтуынша, қолына алған пышақ — басы дөңгелек, кәдімгі май мен нан кесетін асүй құралы болған.
Бұл пышақты балаларды қорқыту үшін ғана қолыма алдым. Бірінші болып пышақпен қорқытқан — Нұрбол Тоқтаубаев еді. Оның қолында пышақ болған соң, мен де алып шықтым. Бірақ сол сәт бейнежазбаға түспей қалған, — деді ол.
Сараптамаға сәйкес, пышақтың жалпы ұзындығы — 29 см, жүзі — 15 см, сабы да — 15 см.
Сот отырысы кезінде айыпталушылардың бірі бейнежазбадағы сәтте Қаржаубай Нұрымовтың қолында басқа — сары түсті пышақ болғанын айтты. Судья бұл жайт жарыссөз кезеңінде қаралатынын мәлімдеді.