Осыған байланысты техникалық қызметкерлер Рустем Муксинов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Кайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды
Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот процесінде айыпталушылардың видеосы желіге қалай тарағаны анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
22 мамырдағы сот отырысында істі қарап жатқан судья Ержан Жанұзақов сотталушыларың қарсылығына қарамастан, әлеуметтік желіде тарап кеткен олардың видеоларына қатысты қызметтік тексеріс нәтижесін жариялады. Ол бойынша, сотты тікелей эфирде көрсетіп тұрған техникалық топ қызметтік жауапкершілікке тартылған.
Осы қылмыстық іс бойынша 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін интернетте таралған күдіктілердің видеосы туралы жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижесін жариялаймын. Қызметтік тексеріс барысында техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытылы тоқтатпағаны, соның салдарынан күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Осыған байланысты техникалық қызметкерлер Рустем Муксинов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Кайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп мәлімдеді судья.
Бұдан кейін Ержан Жанұзақов кеше әлеуметтік желіде сот отырысына байланысты аудиожазба таралуына байланысты жеке қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне шықты.
Осыған орай сот жекеше қаулы шығару қажет деп тапты. Прокурор заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Іс бойынша шешімді тек сот қабылдайтынын еске саламын, - деп ескертті судья.