Олар жәбірленушінің шетелге оқуға баратынын және ата-анасына тиесілі ақша қаражаты бар екенін білген
Елордада сот үкімімен кәмелетке толмаған баладан ақшаны қорқытып алғаны үшін төрт адам сотталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Сотталғандар жәбірленушінің шетелге оқуға баратынын және ата-анасына тиесілі ақша қаражаты бар екенін біліп, сөз байласып, кәмелетке толмаған баладан 20 млн теңге талап еткен. Психологиялық қысым жасап, атыс қаруын көрсете отырып, олар 4 млн теңге көлемінде соманың бір бөлігін алған. Топтың екі мүшесі жәбірленушіден тағы 100 мың теңге ақша алу кезінде ұсталған. Артынша қылмысқа қатысушылардың қалғаны құрықталған. Мемлекеттік айыптаушымен олардың кінәсі толық дәлелденді. Қылмыскерлердің әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық өтеліп, сонымен қатар сотталғандардан 2 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген. Егер осындай қылмысты көрсетілген жасқа жетпегпен адам жасаса, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес оның әрекеттері үшін ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап беретінін прокуратура ескертіп отыр.