Ақнәр Хамиттің өлімі: ІІМ орынбасары істі жеке бақылауына алды

Qaz365.kz редакциясы

Ол былтыр көз жұмған еді

©©Instagram// aqnar

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнәр Хамиттің қайғылы өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істі өзінің жеке бақылауына алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тергеу тобы құрылды. Жәбірленуші тараптың барлық уәждері жан-жақты зерттелуде. Бұл істі жеке қадағалап отырмын. Тергеудің әр кезеңін апта сайын тыңдап отырамыз, – деді Әділов.

Оның айтуынша, тергеу аясында алынған видеоматериалдарға видеофоноскопиялық сараптама тағайындалған.

Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Жәбірленуші тараптың барлық айтқан деректері мұқият тексеріледі, – деп нақтылады ол.

Еске сала кетейік, 22 жастағы Ақнәр Хамит 2023 жылдың шілдесінде Алматыдағы Amir тұрғын үй кешенінің жетінші қабатындағы пәтер терезесінен құлап, көз жұмған. Марқұмның анасы Гүлістан Хамит қызының өлімінің жай ғана оқыс оқиға емес екенін айтып, оның таныстары тарапынан азапталғанын мәлімдеген. Ол қызының өз еркімен секіріп кеткені туралы нұсқамен келіспейді.