Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген мұғалім өмір бойына сотталуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Балалары 3 жаста және 11 айлық болған. 

Pixabay.com

Ақтөбеде 29 жастағы информатика пәнінің мұғалімі Г.-ға қатысты сот процесі басталды. Әйел адам өз балаларын өлтірді деп айыпталуда. Бұған дейін ол екі рет олардың өміріне қастандық жасамақ болған. Бұл туралы Halyqstan басылымына сілтеме жасай отырып Qaz365.kz хабарлайды.

Қайғылы оқиға 23 наурыз күні Қандыағаш қаласында болған. Сол күні әйел 3 жасар және 11 айлық балаларын ертіп, әкесінің үйіне барған. Қайғылы оқиға болған күні ол екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірген.

Полиция мәліметінше, қылмыс жасалған кезде әйел адам босанғаннан кейінгі күйзеліс жағдайында болған. Белгілі болғандай, әйел наурыз айында балаларын өлтіруге екі рет талпынған.

Алғаш рет ол бұл ойы туралы күйеуіне айтқан. Күйеуі бірден полицияға жүгінді. Сол кезде отбасы Атырау облысында тұрған. Әйелді Қызылқоға ауданының полиция бөліміне жеткізді. Ол жерде біраз уақыт болған және оған «Психоздың екінші дәрежесі» деген диагноз қойылған. Кейін оны босатып жіберген. Араға бірнеше күн салып, ол 102 нөміріне қоңырау шалып, қару беруді сұраған. Бұл дабылға полиция, әкімдік және медицина қызметкерлері дереу жауап берді. Осыдан кейін әйелді әкесі балаларымен бірге Қандыағашқа алып кеткен. Қайғылы жағдай сонда болды. Күйеуі қайғыдан қан жұтып отыр, бірақ ол әйел ем алған соң қоғамға қайта орала алады деп үміттенді, – деп жазады басылым.

Қазіргі таңда әйел адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.