Ол сүйіктісімен бостандықта жүрген кезінде танысқан
Қызылордада сотталған азамат сүйіктісімен некесін қиды. Ол сүйіктісімен бостандықта жүрген кезінде танысқан деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігнінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінде ерекше әрі әсерлі оқиға болды. 39 жастағы сотталған азамат пен оның сүйіктісі ресми түрде некелерін қиды. Темір тордың ар жағында өткенімен, бұл сәт қос ғашық үшін үміт пен жаңа өмірдің бастауы болды. Сотталған азамат ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша жазасын өтеуде. Ол сүйіктісімен бостандықта жүрген кезінде танысқан. Арадағы сезім сот үкімінен кейін де жоғалмай, тұрақты байланыс арқылы одан әрі беки түскен. Ақыры олар заңды некеге отыру жөнінде бір шешімге келіп, өз армандарын жүзеге асырды. Мекеме әкімшілігі сотталған азаматтың өтінішін қанағаттандырып, неке қию рәсімін ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сай, бас бостандығынан айырылған тұлғалар да отбасын құру құқығынан айырылмайды”, – делінген полиция хабарламасында.
Салтанатты рәсімге мекеме заңгері мен АХАЖ өкілі қатысқан.
“Бұл күнді көптен күттім. Сүйіктім маған қиын сәттерде тірек болды. Ол сенімін жоғалтпады. Осы сезім мені өзгеруге итермеледі. Болашақта отбасымды бақытты ету үшін бар күшімді саламын, — деді сотталған азамат.
Мекеме заңгері Жалғас Есмахановтың айтуынша, мұндай жағдайлар сотталғандардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, оң шабыт береді.
“Отбасы – адамның түзелуіне бастар жол. Бұл оқиға – соның дәлелі”, – деді ол.