Талдықорғандағы Шерзат Болаттың сотындағы жарыссөзде сотталушылар сөз сөйледі. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл тағы да Шерзатты өзі өлтірмегенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бірінші жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың отбасынан толықтай кешірім сұрағым келеді. Қаза қайырлы болсын! Алдында жауабымда айтып өткендей Шерзат Болатқа қол ұшым тиіп өлтірген жоқпын. Шерзат Болатты өлтірген болсам алдыңғы жауабымда басында-ақ мойындайтын едім. Істеген іс-әрекетімнен қашатын жігіт емеспін. Мен ақиқатты айттым алдында. Жауабымды не үшін өзгерткенім. Бір қателігім сол кезде намысқа беріліп мойындап, мойныма алғаным. Мен жазадан қорықпаймын. Маған тиісті жаза беруіңізді сұраймын, - деді Абзал Шынасыл
Ол сондай-ақ, жасаған іс-әрекеті үшін қазақ халқынан кешірім сұрады.
Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді. Интернет желісінде жерден алып, жерге салып жатыр. Байдың баласы, депутат, әкесі әкім деп. Ешқандай да аға, көкем жоқ. Жалғыз ғана анам бар. Анаммен ғана тұрамын. Ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Дайындалып барған жоқпыз. Мен де ондай болады деп ойлаған жоқпын. Шерзат Болатты өлтірген мен емес. Бірақ нақты дәлелім жоқ. Сол үшін айта алмаймын. Кім істегенін,-деді сотталушы.