Ол өзін байдың баласы деп атағандарға да жауап берді.
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында тараптардың жарыссөзі жалғасуда. Бұл жолы сөз айыпталушыларға берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Басты айыпталушы Абзал Шынасыл өз сөзін Шерзаттың отбасынан кешірім сұраудан бастады. Алайда ол тағылған айыппен келіспейтінін айтып, соттан істі Қылмыстық кодекстің басқа бабымен қарауды өтінді.
Ең алдымен Қаржаубай Нұрымовтың отбасынан кешірім сұрағым келеді. Қазаның арты қайырлы болсын! Қайғыларыңызға ортақпын. Бұйрық болып тұр деп ойлаймын. Құрметті сот, бұған дейін айтқанымдай, мен Шерзат Болатты өлтірген жоқпын. Егер Шерзатты өлтірсем, оны мойындайтын едім. Мен жауапкершіліктен қашатын адам емеспін. Айтқаным – шындық. Менің жалғыз қателігім – өз мойныма алғаным. Бірақ мен жазадан қорықпаймын. Тек әділетті үкім шығаруды сұраймын. Маған ҚР ҚК 106-бабы – «Қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бойынша жаза тағайындауды өтінемін. Барша қазақ елінен кешірім сұрағым келеді, – деді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде тарап жатқан «әкімнің немесе депутаттың баласы» деген ақпаратты жоққа шығарып, өзі анасымен ғана тұратынын айтты.
Жалғыз ғана анам бар, анаммен ғана тұрамын. Біз ешқандай қылмыстық топ емеспіз. Бұл жағдайды алдын ала жоспарлаған жоқпыз. Мұндай болады деп ойлаған да жоқпын. Тағы да қайталап айтам: мен Шерзатты өлтірген жоқпын, бірақ мұны дәлелдейтін айғақтарым жоқ. Сондықтан нақты кім істегенін айта алмаймын, – деді Абзал.