«Аспандағы бүркіт едім». Азамат Тоқтаубаев соттағы соңғы сөзінде өлең оқыды

Qaz365.kz редакциясы
скриншот

Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты сотта соңғы сөзінде Азамат Тоқтаубаев анасына өлең шумақтарын арнады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол соңғы сөзінде Тұрар Рысқұлов ауылын мақтап, онда ешқандай қылмыстық топ жоқ екенін, адамдарының жақсы екенін алға тартты.

 Бір үйден екі азамат сотталайын деп отыр. Әке-шешемізге де обал, бала-шағамыз жетім қалды. Үйдің асыраушысы едік. Балалы болып, үйленіп, ата-анамның қадірін біліп жатырмын, бұрын әке-шешем де айтушы еді. Бұрын-соңды істі болдым. Басыма тиді, құрметті сот! Енді өмір сүруге көзқарасым бөлек! Қазір отбасылық жағдайымды ойлаймын. Тек алға! Әлі де түзеліп, шыққасын өзгеремін. Өмір тоқтаған жоқ деп есептеймін. Бірақ, прокурор ханым «7 жыл, 15 жыл» деп жатыр. Бұл маған өмір бойы бас бостандығынан айырылғандай ауыр тиеді. Өзімді кінәлі сезініп, қоғамға қауіптімін деп есептемеймін. Ақсақалдың өсиетін тыңдап, батасын алып өскен баламыз. Осындай жағдайға тап болып қалдық. Бұл өмірде қателеспейтін адам жоқ деп ойлаймын, – дейді Азамат Тоқтаубаев.

Ол сотқа қатысып отырған қоғам белсендісі, рэпер Жан Ахмадиевтің шығармашылығымен таныс екенін айтып, өлеңінен үзінді оқып берді.

«Бұл кісіні балалық кезімнен тыңдап жүремін:

Қазақпыз ғой, қазақтықты сақтайық.

Қазақпыз ғой, күнә жасап, арымыздан аспайық

Үлкендердің алдында біз көлденең жатпайық», – деген өлеңдерін тыңдаймын, – деді ол.

Соңғы сөзін айыпталушы анасына арнаған өлең шумақтарымен аяқтады.

«Анашым кешіріңіз бізді!
Анашым амал барма мына сорға,
Бүркіт ем аспанда ұшқан түстім торға», – деді ол.