Қарағандыда анасы 15 жастағы қызын 38 жастағы ер адамға күйеуге беріп жіберген

Nur-Altay Umirzak

Некеге отырғаннан кейін бес күн өткен соң, қыз туған әкесіне қашып кеткен

Сурет: Бейнеден кадр/анасы мен өгей әкесі

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды анасы мен өгей әкесі 38 жастағы ер адамға тұрмысқа беріп жіберген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ал 38 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалып, оған кәмелетке толмаған баланы зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қыздың туған әкесі анасынан қызына қысым болуы мүмкін деп алаңдап, толық қамқоршылықты өзіне рәсімдеуді көздеп отыр.

Оқиға Абай қаласында болған. Некеге отырғаннан кейін бес күн өткен соң, қыз әкесіне қашып кеткен. Әкесі дереу полицияға арыз жазған.

Ата-анасы он жыл бұрын ажырасқан. Анасы — діни ағым өкілі. Әкесі дәл осы себептен қызының ересек ер адамға тұрмысқа берілгенін болжап отыр.

“Қызымды шешесі полицияға арыз жазбауға көндіріпті, елестетіңізші?! Уақыт өте келе қызы анасына жібіп, аяушылық сезімі пайда болған шығар. “Анаңды түрмеге жабады” деп қысым жасаған. Ал анасының үшінші некеден тағы екі баласы бар, олар кішкентай. Оның үстіне, өгей әкесі кенже қызына сені де күйеуге береміз, деп айтқан екен, – дейді кәмелетке толмаған қыздың әкесі.

Қыздың анасынан ата-ана құқығын шектеуді тек бұрынғы күйеуі ғана емес, мектеп мұғалімдері де талап етуде.Абай аудандық білім бөлімінің бас маманы Марина Стрельникованың айтуынша, бала жоғалған соң анасы полицияға ешқандай арыз түсірмеген айтып отыр. Қазіргі уақытта қамқоршылық органдары қыздың анасын және өгей әкесін ата-ана құқығынан айыру туралы талап-арыз берген.