Ешнәрсе ескерілген жоқ, өте қатаң жаза – Думан Ысқақтың адвокаты

Nur-Altay Umirzak

Шерзат Болат ісі бойынша барлығы 9 адам жауапқа тартылды

Коллаж: Думан Ысқақтың адвокаты/ Шерзат Болат

Шерзат Болат ісі бойынша кәмелетке толмаған Думан Ысқақ 434-бап (қылмысты жасыру) бойынша айыпталған. Сот оған 1,5 жылға жаза берді, деп хабарлайды Qaz365.kz. 

Думан Ысқақтың адвокаты бұл жайында:

“Кәмелетке толмаған бала үшін бұл өте қатаң жаза. Сотта ешнәрсе ескерілген жоқ. Қаржаубай Нұрымов өз тарапынан берген кешірімі сотта ескерілмеді. Негізгі айыптау – қылмыс жайында дер кезінде айтпай жасырып қалу айыбымен сотталып отыр. Менің қарауымдағы сотталушы жәбірленушінің өлімін 4 күні әлеуметтік желіден бірақ білген. Ал ол күні бұл жайтты бүкіл Қазақстан хабардар болды,” – деді адвокат Ж.Қабылов. 

Шерзат Болат ісі бойынша барлығы 9 адам сотталушы ретінде заңға тартылған.

Сот үкімімен:

  • Абзал Шынасыл – ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5, 9 және 14-тармақтары (аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен, көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1, 7 және 9-тармақтары (екі немесе одан да көп адамды бұзақылық ниетпен адамдар тобы болып адам өлтіруге оқталу) бойынша айыпталған. Сот оған түпкілікті 23 жылға жаза тағайындады.
  • Равиль Сакиев 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі – 99-бап 2-бөлігі 7 және 9-тармақтары (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
  • Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша  7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрқияс Ілиясов қылмыстық кодекстің 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бабымен 9 жылға сотталды.
  • Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап 1-бөлігі (ұрлық) бабымен 15 жылға сотталды. Сот оның бұрынғы жазасымен бірге түпкілікті үкім кесті.
  • Кәмелетке толмаған Думан Ысқақ 434-бап (қылмысты жасыру) бойынша айыпталған. Сот оған 1,5 жылға жаза берді.
  • Прокурор Абзал Шынасылды 23 жылға, Равиль Сәкиевті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ал қалған сотталушыға 1,5-15 жылға дейінгі мерзімге жаза тағайындауды ұсынған.