Сотта Шерзаттың үйінің өртенуі, Ғайыпбаевтың қайтыс болуы туралы ештеңе айтылмаған
Шерзаттың өліміне қатысты сотқа бастан-аяқ қатысқан журналист, The Qazaq Times ақпараттық агенттігінің жетекшісі Қойшыбек Мүбарак марқұмның отбасына әлі де қауіп төніп тұрғанын айтты. Бұл туралы ол ORDA LIFE YouTube арнасына берген арнайы сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сот аяқталғаннан кейін Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова айыпталушылардың сот залында ым-ишармен қоқан-лоқы көрсеткенін, отбасына әлі де қауіп бар екенін айтқан еді. Осыған орай журналист сарапшыдан Қаржаубайдың отбасына қандай да бір қауіп бар-жоғын сұрады.
«Шерзаттың отбасына қауіп төнуі мүмкін. Өйткені, Шерзат марқұм қайтыс болғаннан кейін олардың үйі өртеніп кетті. Біраз уақыттан кейін сол оқиғаны бастан-аяқ білетін басты куәгер өмірден өтіп кетті. Полиция оны «өз-өзіне қол салды» деді. Бірақ жәбірленуші тарап бұған сенбейді. Осы жайттарға қарап-ақ, отбасына үлкен қауіп бар деуге болады. Шерзат марқұм қайтыс болғаннан кейін арнайы күзет қойылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деген соң күзет қойылды. Бірақ күзет тұрған кезде үй өртеніп, адам қаза тапты. Ол тіпті өз-өзіне қол жұмсаған болса да, басқалай жағдай болса да сол жердегі күштік құрылым тұрғанда қайтыс болды ғой. Сондықтан Қаржаубай Нұрымовтың отбасына әлі де үлкен қауіп төніп тұр деуге негіз бар», - дейді Қойшыбек Мүбарак.
Қойшыбек Мүбарактың сөзінше, сотта Шерзаттың үйінің өртенуі, Ғайыпбаевтың қайтыс болуы туралы ештеңе айтылған жоқ. Демек, күні бүгінге дейін қозғалмағанына қарағанда оны жауып тастаған болуы мүмкін.