Қостанайда емтихан тапсырып жатқан студенттерді әскерге алып кеткен

Nur-Altay Umirzak

Құрылыс колледжіне әскерилер сұхбат жүргізу үшін келген

Сурет: El.kz/Арман Мухатов

Қостанайда емтихан тапсырып жатқан студенттерді әскери комиссариат өкілдері ата-аналардың қарсылығына қарамастан алып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желіде оқиға орнынан бейнежазбалар тарады.

«Құрылыс колледжіне әскерилер сұхбат жүргізу үшін келген. Кейін 3-курс студенттерін емтихан тапсырып болған соң, әскери комиссариатқа алып кеткен. Ал емтихан тапсырушылар колледжде заң бойынша 30 маусымға дейін «студент» болып жүре алады», –  дейді видео авторы.

Бұл жайтқа қатысты Қостанай облысы қорғаныс департаментінің өкілдері жауап берді. Айтуларынша, әскери қызмет бойынша түсіндіру жұмыстары үшін 2025 жылғы түлектермен кездесу ұйымдастырыпты.

«Оқу бағдарламасын аяқтаған студенттер облыстық жиын пунктіне шақырылып, медициналық тексеру мен психологиялық тестілеуден өтті. Студенттердің ешқайсысы күшпен немесе себепсіз ұсталған жоқ », –  дейді департамент қызметкерлері.

Ал желіде тараған бейнеде студенттің бірінің ата-анасының қарсылық танытып, үйде жалғыз баласы екенін, алып кетпеуін өтініп, қарсылық танытып жатқанын аңғаруға болады.