Мінездеме тарап кеткен: Депутат Тұрлыхановтың ұлы түзеу мекемесінен шығуға берген өтінішін қайтарып алды

Nur-Altay Umirzak

Оның адвокаты жәбірленушілер оған қатысты мінездемелерді әлеуметтік желілерде таратқан деп айыптады

Фото: kursiv.media

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы колониядан шығудан бас тартты. Нұрасыл Болат шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға (ШМБ) берген өтінішін соттан өзі қайтарып алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2025 жылғы 13 маусымда жәбірленуші әрі адвокат Анна Чернова Нұрасыл Болаттың жазаның қалған бөлігін айыппұлмен алмастыру туралы өтініш бергенін хабарлаған еді.

Алайда 2025 жылғы 19 маусымда сотталған Болат бұл өтінішін өзі қайтарып алды. Оның адвокаты Назкен Құсайынованың айтуынша, жәбірленушілер оның қорғауындағы адамның мінездемелерін әлеуметтік желілерде таратқан. Алайда Олег пен Анна Черновтар бұл іске қатыстары жоғын айтты.

«Осындай дәлелсіз айыптаулар үшін біз жалған ақпарат таратқандарға қатысты шара қолданамыз. Осындай адвокаттар кесірінен жәбірленушілердің көзқарасы өзгеріп жатыр», – деді Олег Чернов.

Анна Чернова қорғаушы адвокаттың конструктивті диалогтың орнына жеке басқа тіл тигізетін ақпаратқа көшкенін айтты.

«Біз айыппұлға қарсы болдық, себебі ол жұмыссыз, ал бұл айыппұлды туыстары, нақтырақ айтсақ, әкесі — депутат Дәулет Тұрлыханов төлейді деп ойлаймыз. Бастапқыда біз сотталған адамның өз пікірін тыңдауға дайын болдық, мүмкін ол түзелген шығар, себебі ол да курортта жүрген жоқ қой. Тіпті бостандығын шектеу жазасына да қарсы болмауымыз мүмкін еді», – деді Анна Чернова.

Сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қараусыз қалдырды.

Еске салайық, 2023 жылдың ақпан айында Алматыдағы ойын-сауық орындарының бірінде депутаттың ұлы заңгерлер — Олег пен Анна Черновтарға шабуыл жасаған. Ерлі-зайыптылар Болат соққыға жыққан қызды қорғап қалған. Нәтижесінде Нұрасыл Болат Олег Черновтың қабырғасын сындырса, Аннаны жақ сүйегінен ұрған. Бастапқыда Жоғарғы сот оған бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.Кейін ол пробация тәртібін бұзғандықтан, түзеу мекемесіне қамалған болатын.